Сақтандыру төлемі қалай есептеледі және ол неден тұрады?

Банки и ипотека

«Сақтандыруды ресімдеудің не қажеті бар? Бұл тіпті керек болмауы да мүмкін ғой!» деген сауалды өзімізге бір рет болса да қойғанымыз рас. «Тағдырдың тәлкегінен» ешкім де қашып құтыла алмайтынын біле тұра, көбінесе өзімізді осылай алдап жатамыз. Апат, өрт, мүліктің бүлінуі, жоғарыдағы көршілердің бейқамдығынан пәтерді су басуы және басқа көптеген сақтандыру жағдайларының салдарынан болған сынық, күйік немесе жарақат жәбірленушінің жан дүниесін жаралап қана қоймай, моральдық азап шегуіне себеп болады, бұл оның жеке бюджетіне де әсер етуі мүмкін. Сондықтан, жағымсыз жағдай туындаған жағдайда, қаржылық шығындардың болмағанын қалаймыз.

Бұл жағдайда сақтандырудың болғаны көп көмегін тигізеді. Бірақ оны дұрыс таңдап, дұрыс ресімдеу керек!

Сақтандыру төлемі деген не?

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 820-бабының 1-тармағында «сақтандыру төлемі – сақтандырушы сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру жағдайы туған кезде не жинақтаушы сақтандыру шартында белгіленген мерзім туған кезде сақтандыру сомасы шегінде төлейтін ақша сомасы» деп көрсетілген.

Басқаша айтқанда, бұл сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандыру компаниясы төлейтін ақша. Ал сақтандыру жағдайлары әр түрлі болуы мүмкін.

Қарапайым мысалдар арқылы сақтандыру төлемі ұғымын қарастырып көрейік:

Жоғары қабаттағы көршілеріңіз сіздің пәтеріңізге су ағызып жіберді делік, ал сіз олардан өтемақы талап етесіз. Бірақ барлық жағдайда ымыраға келу мүмкін болмай жатады. Мұндай жағдайда, егер сақтандыруыңыз бар болса, сақтандыру компаниясынан өтемақы алу мүмкіндігіне ие боласыз. Егер сақтандыру жоқ болса, өкінішке қарай, шығындарды сіз өзіңіз өтейсіз не көршілерден сот арқылы өндіруге тура келеді.

Сондай-ақ мүлікті өрттен, тасқыннан, табиғат апатынан, ұрлықтан және т.с.с. сақтандыруға болады. Жалға алынған үй-жайлар туралы ойлаған да дұрыс болады ¬ сақтандыру жағдайы бас талған кезде төлемді мүліктің меншік иесі алады.

Автоәуесқойлар ЖКО кезінде міндетті сақтандыруға жататын жауапкершілікті ғана емес, сонымен қатар әртүрлі күтпеген жағдайлардың туындауын да сақтандыра алады. Мысалы, көлік құралына бөгде заттың немесе заттың құлауы немесе түсуі, өрт, жарылыс, найзағайдың түсуі, табиғат апаттары немесе үшінші тұлғалардың заңсыз әрекеттері.

Туристік сапарлар кезінде денсаулыққа байланысты проблемалардан да сақтандыруға болады. Еуропаның көптеген елдерінде медициналық қызметтер өте қымбат. Бірақ егер сақтандыру болса, онда ол емдеудің барлық шығындарын жабады.

Өмір мен денсаулықты өндірісте де сақтандыруға болады, ал кейде тіпті керек, өйткені ол әдетте жарақат алу қаупімен байланысты. Егер өндіріс қауіпті болса, онда жұмыс беруші сақтандыруды төлеуге міндетті. Өзге жағдайларда, өмірді және денсаулықты ерікті сақтандыруды өз бетінше ресімдеуге болады.

Сақтандыру оқиғасына не жатады және ол қандай болады?

Шартқа қол қоймас бұрын сақтандыру компаниясының өкілінен әр түрлі жағдайларда залалды өтеу рәсімін нақтылаңыз, мерзімдері туралы сұраңыз. Мұнда ең бастысы – сақтандыру шартында айқындалған барлық талапты мұқият зерделеу. Сақтандыру жағдайының белгілері көрсетілген тармаққа назар аударыңыз. Сақтандыру қандай жағдайларға қолданылатынын, ал қандай жағдайлар сақтандыру ретінде танылмайтынын, компания қандай жағдайларда шығындарды өзіне алатынын, қандай тәуекелдер көзделгенін біліңіз. Бұл сізге төлемді алу үшін болашақта қажет болады.

Басталуының ықтималдығы мен кездейсоқтық белгілері бар оқиға сақтандыру жағдайы болып саналады, оның пайда болуына байланысты сақтандырушының сақтанушыға немесе пайда алушыға төлем жасау міндеті туындайды. Яғни, сақтанушының қалауымен немесе еркімен басталмаған жағдай.
Әлеуетті сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру төлемін алу үшін оқиғаның (сақтандыру жағдайының) Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 817-бабының 3-тармағында көрсетілген белгілі бір белгілері болуы тиіс екенін түсіну қажет.

Олардың кейбіреуін атап өтейік:
• оқиғаның басталу ықтималдығы мен кездейсоқтығы;
• оқиға шарттың қолданылуы шегінде сөзсіз және объективті түрде болуға тиіс, бұлар жөнінде тараптар немесе ең болмағанда, сақтанушы көрінеу білді немесе алдын ала хабардар болды деген қауіптің болмауы;
• оқиғаның басталуы сақтанушының (сақтандырылушының, пайда алушының) ерік-қалауымен және (немесе) пиғылымен байланысты болмауы және пайда алу және (немесе) ұтыс алу (алыпсатарлық тәуекел) мақсатын көздемеуі және т.б.

Сақтандыру жағдайы кезіндегі төлемнің мөлшері қандай?

Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 820-бабының 2-тармағына сәйкес сақтандыру төлемінің мөлшері сақтандыру шартында белгіленеді. Міндетті сақтандыру жағдайында сақтандыру төлемінің мөлшерлерін айқындау тәртібі Қазақстан Республикасының сақтандырудың міндетті түрін реттейтін жекелеген заңнамалық актісінде белгіленеді.

Мысал келтірейік. Егер сақтандыру жағдайы қызметкердің 5-тен 29% аралығында еңбекке қабiлеттiлiгiнен айырылуына байланысты болса — бұл жағдайда зардап шеккен тұлғаға зиянды жұмыс беруші өтейді. Егер адам 30-дан 100%-ға дейін еңбекке қабiлеттiлiгiн жоғалтқан болса, онда осы тұлғаға сақтандыру сомасы шегінде зиянды өтеуге сақтандыру компаниясы жауап береді.

Егер жерлеуге арналған сақтандыру төлемінің (сақтандыру төлемдерінің) және (немесе) шығыстарының мөлшері сақтандыру сомасының мөлшерінен асып кеткен жағдайда айырма сақтанушының (жұмыс берушінің) есебінен төленеді («Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабы).

Сақтандыру полисі барлық тәуекелдерді жаба ма немесе ерекше жайттар бар ма?

Сақтандырушымен шарт жасауды жоспарлайтын әрбір адам оның талаптарын және сақтандыру өтейтін тәуекелдердің тізбесін жан-жақты зерделеу қажет. Олардың арасында сіз ерекше назар аударатын айрықшалықтар болады және сақтандырушының сақтанушыға төлемді өтеуге бас тарту құқығы бар. Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 839-бабының 4-тармағына сәйкес зиянды өтеуден бас тарту мынадай жағдайларға қолданылады:

• Егер сақтанушы оқиғаның басталуын әдейі ұйымдастырса, онда сақтандырушы сақтандыру төлемін төлеуден бас тартады. Бұл сақтандыру шартының талаптарын бұзу болып табылады және сақтанушы тарапынан алаяқтық болып саналуы мүмкін;
• Егер сақтанушы сақтандырушыға сақтандыру тәуекелі, жағдайы және оның салдары, сақтандыру нысаны жөнінде дәйексіз және жалған ақпарат берген;
• Егер пайда алушы сақтандырушыға сақтандыру жағдайының басталуымен байланысты мән-жайларды зерттеуге қарсы әрекет жасаған, немесе ол келтірген зиянның мөлшерін белгілеуде компанияға қалай да бір қарсылық білдірген;
• Егер сақтандырушыға сақтандыру жағдайының басталуы туралы дер кезінде хабардар етпеген және т.б.

Сақтандыру төлемін қалай алуға болады?

Тұрғылықты жеріңізді, телефон нөміріңізді және банктік деректемелеріңізді (қажет болса) көрсетумен жазбаша өтініш дайындаңыз.
Өтінішке мынадай растаушы құжаттарды қоса беріңіз:

1. сақтандыру шартының немесе сақтандыру полисінің көшірмесі;
2. растаушы құжат немесе сақтандыру жағдайының басталуы фактісі, келтірілген зиянның мөлшері туралы акті;
3. жеке куәліктің көшірмесі;
4. сақтандыру төлемін алуға сенімхат (қажет болған жағдайда);
5. жазатайым оқиға кезінде медициналық мекемелерден уақытша еңбекке жарамсыздықты, көмек пен күтімнің қосымша түрлеріне мұқтаждықты растайтын анықтамалардың немесе өзге де құжаттардың көшірмелері қажет болады;
6. төлем тапсырмалары, кассалық чектер, шоттар, үзінді көшірмелер — сіздің шығындарыңызды растайтын құжаттар;
7. сақтандыру шартында немесе ҚР заңнамасында көзделген басқа құжаттар.

Егер қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушы ретінде сіздің құқықтарыңыз бұзылған, сақтандыру компаниясы дәлелді негіздер келтірместен төлемнен бас тартқан немесе бас тарту туралы мерзімінде хабардар етпеген жағдайда, сіз Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгіне аласыз.

Сонымен қатар, сақтандыру шартына байланысты даулар туындаған жағдайда сақтанушы (зардап шегуші, пайда алушы) аталған дауды реттеу үшін сақтандыру омбудсманына жүгінуге құқылы.
Сақтандыру омбудсманы – сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың құқықтары бұзылған жағдайда келіспеушіліктерді реттеуді жүзеге асыратын, өз қызметінде тәуелсіз жеке тұлға. Сақтандыру омбудсманының қызметтері үшін төлем алынбайды.
Бұл ретте, сақтандыру омбудсманы келіспеушіліктер бойынша қабылдаған шешімдер сақтандыру ұйымы үшін міндетті болып табылады.

Источник

Похожие посты

Основной акционер Tengri Bank пострадал от мошенничества на 492 млн долларов в Индии

clausss

Утренняя сессия KASE: USDKZT_TOM = 370,41 (+1,46)

clausss

Банки РФ готовят революцию в удаленном обслуживании клиентов

clausss

Оставить комментарий

* С помощью этой формы вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом сайте.