Жомарт Ертаев ісі: RBK банкінен қыруар қаржы қалай жымқырылды?

Банки и ипотека

Тергеу дерегінше 5 жыл ішінде RBK банкінен ұрланған 3 млрд 137 млннан астам теңге Ертаевтың жақтастарының есепшотына аударылған.

Ертең Алматыда RBK банкінен жымқырылған қыруар қаржыға байланысты негізгі сот талқылауы басталады. Істегі басты фигурант – аты шулы банкир Жомарт Ертаев. Онымен бірге тағы 36 адам істі болып отыр. Қатарында «Bank RBK» АҚ-ның бұрынғы басқарма басшылары Игорь Мажинов пен Марпу Жакубаева, Qazaq banki экс-акционері Бақыт Ибрагим, «Bank RBK» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Шарипов, DSFK басқармасының экс-төрағасы Мәди Мәмбетов бар. Тергеу мәліметтері бойынша, сотталушылар банкке 143,3 млрд теңге көлемінде залал келтірген.

Айыптау актісі 3 644 беттен тұрады, істе 46 эпизод бар. Informburo.kz тілшісі айыптау құжатының қорытындысын оқып, зерттеп, тергеу нұсқасына сәйкес сотталушылардың әрекеттерін, RBK банкінен қаржы жымқыру жолдарын тізіп шықты.

Ертаев RBK банкін басқаруға қалай келді?

«Альянс банкін басқарған кезінде 1 млрд доллардан астам қаржы жымқырды» деп күдікке ілінген Жомарт Ертаев 2010 жылдың мамырында 9 ай отырған тергеу изоляторынан босатылады. Тергеу әлі жүріп жатқанына қарамастан, ол қаржы саласындағы қызметіне білек сыбана кіріседі. Тергеу изоляторынан шыққан бойда Ертаев қарағандылық «Казинкомбанктің» (қазіргі «Bank RBK» АҚ) ірі акционері және директорлар кеңесінің төрағасы Әбдіғани (құжат бойынша – Абдугани) Ниязовпен тығыз байланыса түседі. Оның сеніміне әбден кіріп, қаржы ұйымын дамытатынына сендіреді. Тергеу мәліметінше, Ертаев Ниязовқа жыл сайын жалпы сомасы 3 млн АҚШ долларынан кем емес бонус пен дивиденд төлеп тұруды ұсынады.

Есесіне өзін банктің стратегиясы мен несиелік саясатын жүргізуге құқылы кеңесшісі ретінде тағайындауға көндіреді. Әрі акционерлер құрамына Фарид Люхудзяевты кіргізіп, банктің басшылығын өзгертуді, яғни директорлар кеңесінің төрағасы және басқарма төрағасын ауыстыруға міндеттейді. Ниязов Ертаевтың бұл ұсыныстарынан бас тартпай, банктің директорлар кеңесі төрағасы қызметі өкілеттігін тоқтатады. Нәтижесінде, 2010 жылғы 15 қарашада Люхудзяев банктің акционері болып, акционерлердің жалпы жиналысында директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды.

Осы жерде айта кетейік, Ертаевтың өзі тағылған айыбы жеңілдетіліп, «банк қаражысын заңсыз пайдаланғаны үшін» 2011 жылы шартты түрде екі жылға сотталды. Есесіне, Абдугани Ниязов 2016 жылы «Bank RBK» АҚ төрағасының орынбасары Данияр Туғанбайды ұрлағаны үшін 11 жылға бас бостандығынан айрылды.

Фарид Люхудзяев басшылыққа келген соң, қос қаржыгер әуелі ребрендинг жүргізіп, «Казинкомбанк» АҚ атауын «Bank RBK» АҚ етіп өзгертеді. Әрі қаржы ұйымының басты кеңсесін Қарағандыдан Алматыға ауыстырады. Түрлі жарнама жасау арқылы көптеген тұтынушыларды тартып, табысты қаржы мекемелерінің біріне айналады. Осы сәттен бастап RBK банкінің жарғылық капиталы ұлғайып, қордағы депозиттер өседі. Банктің беделді акционерлері Қайрат Шәріпбаев, Болат Назарбаев, Дінмұхамет Ыдырысов, Бахаридин Аблазимов және Владимир Ким болды.

RBK банкінің 2011 және 2017 жылдағы қаржылық жағдайы төмендегідей көрсеткішке жетті:

2011 жылы:

Банктің жарғылық капиталының мөлшерін ұлғайту (акционерлермен капиталдандыру) – 1 677 100 000 теңге;

Банкаралық қарыздар – 0 теңге;

КСҰ қаражаты – 5 038 699 000 теңге;

Жеке тұлғалардың депозиттері – 6 099 648 000 теңге;

Заңды тұлғалардың депозиттері – 22 948 438 000 теңге.

Барлығы – 35 763 885 000 теңге.

2017 жылы:

Банктің жарғылық капиталының мөлшерін ұлғайту (акционерлермен капиталдандыру) – 134 900 000 000 теңге;

Банкаралық қарыздар – 0 теңге;

КСҰ қаражаты – 29 488 780 000 теңге;

Жеке тұлғалардың депозиттері – 118 029 533 000 теңге;

Заңды тұлғалардың депозиттері – 71 523 955 000 теңге.

Барлығы – 353 942 268 000 теңге.

Жомарт Ертаевқа бұрын істі болғаны үшін екінші деңгейлі банктерде басшылық қызмет атқаруға тыйым салынған. Бірақ тергеу оның банктің директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі лауазымына бейресми түрде, яғни, тиісті еңбек келісімшартын жасамай қабылданғанын анықтады. Соған қарамастан, банктің бас кеңсесінде Ертаевтың қызметтік кабинеті, көлігі, жеке жүргізушісі және күзетшісі болған. Құқық қорғау органының мәліметінше, Люхудзяев тағайындалғаннан кейін, Ертаев өзін қаржы ұйымының басты жетекшілерінің бірі ретінде көрсете бастады.

Банктен қыруар қаржы жымқыру жоспары

Айыптау актісі бойынша, Ертаев бұрын жаза арқалағанына қарамастан, банк қылмысын жасаудағы тәжірибесін ары қарай жалғастырады. Ол Люхудзяевпен алдын-ала сөз байласып, RBK банкінің аса ірі мөлшердегі қаражатын бірнеше рет жымқыруға кіріседі. Пайдаға кенелу үшін әуелі мынадай тыңғылықты жоспар құрған:

Банктің топ-менеджментінде ресми лауазымды қызмет атқармай-ақ, оған иелік ету;

Аса сенімге кірген адамдар арасынан сыбайластарды тарту арқылы қылмыс жасауды ұйымдастыру;

Басшылық лауазымдарға сенімге кірген сыбайластарды тағайындау;

Сыбайластарды банктің уәкілетті алқалық органдарының құрамына енгізу;

Сыбайластар арқылы банктің уәкілетті алқалық органдары мүшелерінің құжаттарға кедергісіз қол қоюын ұйымдастыру;

Директорлар кеңесі отырыстарын өткізбестен жалған құжаттар дайындауға қабілетті лауазымды қызметкерлерді қылмысқа қатыстыру;

Банктің номиналды қарыз алушылары ретінде әрекет ететін заңды және жеке тұлғаларды іздеу;

Жалған жеке және заңды тұлғаларға несие рәсімдеу және рәсімделген несиелердің есебінен жетіспеушіліктерді жабу;

Еш құжатсыз банктің қоймасы мен кассасынан банктің қаражатын ұрлау тетігін ұйымдастыру;

Кепілмен қамтамасыз етуді жоғары нарықтық бағамен ұсыну арқылы немесе қарыз алушылардың меншігіне түсетін қаражатты қамтамасыз ету арқылы банк қызметі саласындағы бақылаушы органнан қылмысты жасыру;

Қылмыстық жолмен тапқан табысты заңдастыру;

Банкир қылмысты жүзеге асыру үшін сыбайластарын тартқан

Тергеу дерегінше, Жомарт Ертаев бұл жоспарды жүзеге асыру үшін RBK башылығына «өз адамдарын» тағайындап, әрқайсының рөлдерін бөліп береді. Олардың құрамында Ертаевтың Альянс банкі мен Еуразиялық банкін басқарған тұсындағы сенімді әріптестері, достары мен туыстары бар. Сенімді серіктер, әсіресе, жалған құжат жасап, заңсыз несие рәсімдеуде алдына жан салмаған. Қаражат олармен ешбір ресми байланысы жоқ адамдардың атына қайтарымсыз негізде және еш кепіл берілмейтіні белгілі бола тұра несие беру арқылы ұрланған. Яғни, қаржы ұйымына Ертаевтың сыбайластарымен байланысты қарыз алушылар несие шартын жасауға келгенде, келесідей жалған мақсаттар көрсетілген:

меншікті айналым қаражатын толықтыру;

келісім-шарттар бойынша қызметтерге ақы төлеу;

жер учаскелерін және басқа да жылжымайтын мүліктерді сатып алу;

негізгі құралдарды сатып алу;

тұтынушылық мақсаттар;

инвестициялық жобаларды қаржыландыру және оларды іске асыруға байланысты шығыстарды төлеу және тағы басқа.

Несиелік комитеттер клиенттің төлем қабілеті жоқ екенін және тұрақты кепілмен қамтамасыз ете алмайтынын ескерместен, қарыздарды мақұлдаған. Дегенмен, болашақта қарыз алушының меншігіне түсетін ақша және тауар түріндегі жоқ нысандарды жалған шарттар бойынша кепілге қабылдаған. Сондай-ақ, кепіл мүлкінің құны да жоғары болды. Мұндай эпизодтардың жалпы саны – 46.

Сыбайластар тапқан жалған тұлғаға немесе мекемеге рәсімделген қомақты несие қылмысқа қатысушылар арасында бөлінген. Уақыты келген ескі кредиттерді жаңа қарыз алу арқылы жауып отырған. Сөйтіп, уәкілетті орган банктегі болып жатқан былықты ұзақ уақытқа дейін аңдамаған.

Банк кассалары мен қоймаларынан қаражат еш құжатсыз қолма-қол әкетілген

Бұдан бөлек, сотталушылар заң талаптарын бұза отырып, қандай да бір құжаттық рәсімдеусіз 2012 жылдан бастап 2017 жылға дейін филиал кассалары мен қоймасынан Ертаев пен басқа да қылмысқа қатысушылардың мұқтаждықтары үшін қолма-қол ақша шешкен. Әрі бұл қаражаттың жетіспеуін де жасырған. Банк басшылығы қызметкерлерге ақшаның «жолда» болуы туралы жалған кассалық шығыс ордерін жасауды міндеттеген.

Тергеу болжамы бойынша, тек 2012-2013 жыл аралығында банктің кассасы мен қоймасынан 336 526 450 теңге ұрлаған. Әзірленген схема бойынша ақшаның бір бөлігі Ертаевтың, оның экс-жұбайы Нұргүл Ертаеваның (директорлар кеңесінің мүшесі және «Bank RBK» АҚ тәуелсіз директоры болған), сондай-ақ, көмекшісі Айдос Құсайыновтың есепшоттарына аударылған. Тергеушілер 5 жыл ішінде олардың карталарына 3,1 млрд теңгеден астам қаражат аударылғанын есептеген.

Ертаевтың әйелі қылмыстық іске қатысы болса да, сотталушылар тізімінде жоқ

Сотталушылар тізімінде Нұргүл Ертаева жоқ. Бірақ айыптау актісінде оның кінәсі қылмыстық іс материалдарымен дәлелденгені анық көрсетілген. Дәл сол сияқты, сотталушылар тізімінде қылмыстың басы-қасында болған Фарид Люхудзяев та жоқ. Ол 2018 жылдың ақпанында 61 жасына қараған шағында қайтыс болды.

Жалпы, айыптау актісі бойынша, ұрланған қаражатқа құнды мүліктер алынған. Жымқырылған ақша есебінен RBK банкінде ресми түрде есепте тұрған қызметкерлерге, яғни Ертаевқа, Люхудзяевке және олардың сыбайластарына қызмет көрсетушілерге жалақы төленген. Олар оққағарлар, жүргізушілер, көмекшілер, бала күтушілері, күзетшілер және тағы басқалар.

RBK банкінен 143,3 млрд теңге жымқырылған

Тергеу мәліметтері бойынша «Bank RBK» АҚ ісі бойынша сотталушылар қаржы ұйымына 143,3 млрд теңге көлемінде залал келтірген. Бұған дейін Бас прокуратура жымқырылған қаржының 15 млрд теңгесі өтеліп, тағы 48 млрд теңге мүлікке тыйым салынғанын мәлімдеген болатын.

Тергеу дерегінше, біздің елдің құзырлы органдары Біріккен Араб әмірліктерінің құзырлы органдарына Дубай қаласындағы ауданы 1 386,72 шаршы метр болатын Нұргүл Ертаеваның атына тіркелген үйге сотқа дейінгі тергеу шеңберінде тыйым салуды ұсынған. Бірақ осы уақытқа дейін оған жауап келмепті. Тергеу мәліметінше, бұл мүлік Жомарт Ертаевтың RBK банкінен жымқырылған ақшаға сатып алынған.

Сол сияқты, Жомарт Ертаевтың Мәскеудегі қос пәтеріне де шектеу қою ұсынылған. Бұл мүліктер қаржыгердің қызы мен бұрынғы жұбайының атына тіркелген екен. Ал, Ертаевтың өз атында 2014 жылғы Mersedes-Benz S 500 4 Matic және 2011 жылғы Audi A8 көлігі бар.
Источник

Похожие посты

Отсрочка без подтверждающих документов — какую поддержку получит население и бизнес в период ЧП?

clausss

Изменен состав Правления АО «Страховая компания «Amanat»

clausss

Как изоляция из-за коронавируса повлияла на онлайн-общение — данные исследования

clausss

Оставить комментарий

* С помощью этой формы вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом сайте.